JETISY FK

Жаңалықтар

Бұйырғаны жалғыз ұпай
6 Сәуір, 2015 Бұйырғаны жалғыз ұпай 4818
Бұйырғаны жалғыз ұпай

 


Футболдан Премьер-лига ойындарының бесінші туры өз мәресіне жетті. Ел чемпионын анықтауға республикамыздың он екі командасы бақ сынауда. Төрт ойын өткізіп, қоржынына екі ұпайды ғана салған талдықорғандық «Жетісу» командасы жеңіске әлі қолы жете қойған жоқ.
Сонымен жексенбі күні жергілікті «Жетісу» футбол клубы өз алаңында Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдады. Турнир кестесінде ұпай айырмасымен ғана алда тұрған қонақтар бұл жолы аянып қалмады. Талдықорғанның орталық стадионында болған кездесуді облыс әкімі тамашалады. Ойынның бірінші таймында алаң иелерінің басымдығы байқалды. Тіпті кездесудің он бесінші минутында қақпашыға жеке дара шыққан Доспотовичтің тепкен добы қақпаның бағанынан кері қайтты. Араға санаулы минут салып шабуылда қайта жалғастырды. Оң қапталдан шабул өтіне өткен Сариев қонақтардың айып алаңына еркін жетті. Тамаша мүмкіндікті голға айналдыруға болар еді. Әйтседе ашық тұрған Джоджға пас бергенімен әріптесі қақпадан жоғары теуіп, мүмкіндікті мүлт жіберді. Бұл ойынның алғашқы минуттарындағы болған жағдай. Мұнан кейін де А. Қожабергеновтың шәкірттері толастап қалмады. Дүркін-дүркін шабуылдар ұйымдастырып, «Ертіс» қақпашысының есін алды. Әбігерге түскен қонақтар тек қорғанысқа ғана көңіл бөлді. Жергілікті команда ойын өз алаңында өтіп жатқандықтан ба, қарқынды үдете түсті. Бірінші таймның соңына дейін бірнеше мәрте қарсыластарының қақпасын нысанаға алып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бұған дейін төрт ойын өткізген . Екі ойынды тең аяқтаса, екі ойында жеңіліс тапқан болатын. «Оқжетпестен» ұтылған жерлестеріміз өз алаңында жеңіске жетуді мұрат етті.
Ал екінші таймда да «Жетісу» тізгінді өз қолына алды. Үміт артқан шабуылшылар қонақтардың қорғанысын бұзып жарып, есеп ашуға ұмтылды. Кездесудің 58 минутында оң қапталдан әдемі пас алған Деспотович шірене теуіп, павлодарлықтардың қақпасының торын бүлк еткізді. Қақпада тулаған теңбіл доп команданың рухын бір көтеріп тастады. Мұнан кейін араға бірнеше минут салып, алаң иелері ұпай санын еселеді. 67 минутта Саят Сариевтан
ортаға қарай пас асырды. Оны аяғына оңтайлы жатқызған Джордж айып алаңына қарай тепті. Алға зулаған допқа бұрын жеткен Савич есепті екіге жеткізді. Бұдан соң жеңіс біздің қолда деген «Жетісу» командасының ойы іске аспады. Екі доптан кейін арқаны кеңге салды ма, қонақтардың шабуылын жіберіп алды. Ойындарына қарқын қосқан павлодарлықтар Пасеченко қорғаған қақпаның алдын торауылдаумен болды. Турдың 78 минутында Изу есепті бірге қысқартты. Жалғыз доптан кейін қарқын қосқан қонақтар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның соңғы минутында оң қапталдан пас алған Алиев ұрымтал жерден соққы жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Мұнан кейін төреші ойынға төрт минут қосқан болатын. Қосымша уақытта жерлестеріміз есепті еселей алмай, тең ойынды қанағат тұтты. Есеп 2:2.

Ришад Тұрғанбаев.
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков.
 

Біздің ақпараттық серіктестеріміз

© 2011-2024 "Жетісу" кәсіпқой футбол клубы, Талдықорған
Сайт мәліметін пайдалануда сайтқа сілтеме жасау міндетті
© 2011-2024 Сайтты қолдау:
СИА «SPORTS.KZ»
Рейтинг@Mail.ru