JETISY FK

Жаңалықтар

Еркебұлан МҰСАБЕКОВ: «Ел футболшыларынан үйренетіміз көп»
29 Қыркүйек, 2016 Еркебұлан МҰСАБЕКОВ: «Ел футболшыларынан үйренетіміз көп» 4726
Еркебұлан МҰСАБЕКОВ: «Ел футболшыларынан үйренетіміз көп»
«Жетісу» футбол клубының болашағы, бүгінгі жас орталық шабуылшы Еркебұлан Мұсабековпен сұхбаттасудың сәті түсті. «Жетісудың» екінші құрамасында биыл 20 ойынға қатысып, 6 гол салып, бір ескерту қағазын алды

Еркебұлан Мұсабеков 1996 жылы 29-шілде де Алматы облысы, Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылында дүниеге келген. Еркеғали Мұсабеков пен Дана Мұсабекованың отбасындағы балалардың үлкені, өзінен кейін қарындасы және інісі бар.
Футбол добын алғаш төртінші сыныпта Талдықорғанда қолына алғанымен, ойынын Алматыдағы қалалық клубтарда жетілдірді. Алғашқы бапкері – Төлеген Қаппарұлы.

 

— «Жетісу» клубына қалай тап болдың? Талдықорғанға қайта келуіңе не сеп болды?
— Негізі әке-шешемізбен Алматыға көшіп кеткенбіз, ал Талдықорғанда апам тұрады. Футболға деген аңсарымның ауғанын аңғарған әкем Талдықорғандағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектепке оқуға түсірді, 8-сыныптан бері осы қаладамын. Жаттықтырушым– Талғат Омашев. 9-сыныпқа ауысатын тұста «Жетісу» клубынан арнайы адамдар келіп ойынымды көріп, қатарға қосты, ал 10-11-сыныптарда «Жетісудың» бір мүшесіне айналдым. Жалпы футбол ойнап жүргеніме сегіз жылдың жүзі болса, «Жетісудың» екінші командасында доп тепкеніме міне екі жылдан асады.

 

— Әкеңнің сені спортқа алып келгеніне қарағанда спортшылар отбасынансың-ау…
— Иә, бірақ футболға қатысы жоқ отбасынан (күліп). Әкем самбо күресімен шұғылданған. Самбодан КСРО-ның спорт шебері, Алматы облысының самбо федерациясының президенті болған Қайрат Мейрамбаев ағама жыл сайын республикалық турнир өткізіліп тұрады. Футбол, дзюдо, самбо болсын спорт қой, яғни спортшылар әулетіненмін.

 

— «Жетісудың» негізгі құрамына былтырғы маусымда ілініп едің, биыл бұл тізімде көрінбедің…
— «Жетісуға» жаңадан президент болып ресейлік маман Дмитрий Васильев келіп, Иван Азовский бас бапкер болған тұста ересектер қатарына шақырту алдым. Негізгі құраммен Қазан қаласына бардым, Алматыда «Атыраумен» болған ойынға шықтым. Мен үшін ол үлкен тәжрибе болды. Тек қана алғыстан басқа айтарым жоқ. Ал биылғы маусымдағы сәтсіздіктерді тек өзімнен көремін. Ойыным дұрыс болмады, сол үшін шақырмай жүр. Болашақта «Жетісудың» негізгі құрамына өтіп, үлкен жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырсам деймін.

 

— Кінә өзіңнен екен, не жетіспей жүр? Бұрыңғы мен бүгінгі ойынның айырмасы…
— Биыл 6 гол салдым, ол орталық шабуылшы үшін өте аз. Бұйыртса болашақта голдар санын өсіремін деген үміттемін. Күш жағынан болар, оның үстіне ойнау стилім де негізгі құрамға келмейтін шығар. Өзім солай ойлаймын. Алдағы уақытта олқылықтың орынын толтыру үшін барымды саламын. Өзімді қамшылап, әр күн сайын күшке күш қосу үшін еңбек етіп жатырмын. «Жетісудың» жастарын жаттықтыратын Әнуар Малтабарұлы да өз үлесін қосып, ақылын айтып жатыр.

 

— «Жетісудың» негізі құрамы матч өткізген күні сені алаңнан жиі байқаймын, ойындарына қандай баға бересің, не жетпейді?
-Бастапқыда команда өте жақсы жасақталды. Душан Савич, Бауыржан Тұрысбек негізгі лидерлер бола білді. Ал маусымның екінші жартысындағы ойыншы алмасулар команданың ойын деңгейін түсіріп кетті. Сен қандай мықты футболшы болсаң да жаңа командаға бірден бой үйретіп кете алмайсың. Қауқылдасып болмаса ым-жыммен түсінісу үшін уақыт қажет. Уақыт жетпей жатыр.

 

— Жалпы шеттен келген футболшылар туралы не айтасың, өзіңнің сол азаматтардан үйренгенің бар ма?
— Өз басым «Жетісуда» жүрген болсын басқада қазақстандық футболшылардың ойынына көп қараймын. Таңат Нөсербаев, Тоқтар Жаңғылышбай сынды азаматтардың ойнау шеберліктерінен алатынымыз бар. Ал шеттен келген футболшылар туралы айтатын болсам – олар Қазақстан премьер-лигасының деңгейін көтереді. Бұл әлемдік қолданыстағы дүние болған соң ешкім одан айналып өте алмайды. Англия премьер-лигасы, Ла Лига, А Сериясы, Бундеслиганың бәрінде легионерлер жүр. Яғни бұл бүкіл әлемдік стандарт.

 

— Сен де басқа клубтардан шақырту болды ғой, мәселен жыл басында «Қайсар» өз сапына қосқысы келді. «Жетісудың» екінші құрамында жүргеннен өзге клубтың негізгі құрамында жүрген жақсы емес пе, әлде негізгі құрамға кіргенше жүресің бе?.
— Мені «Қайсардың» өз қатарына алғысы келетінін кеш естідім. Ал уақытында білегінімде онда барып, өз бағымды сынап көруші едім. Ол өз деңгейіңді білуге де таптырмас мүмкіндік еді. Енді басқа клуб шақырса, бірінші қандай клубтың шақырғанына назар аударасың ғой. Ойланып көруге болады. Ал «Жетісу» негізгі қатарға алып жатса, онда талдықорғандық команданың сапында жүре беремін.

 

— Өзіңмен бірге доп теуіп жүрген қатарластарының қайсысынан үміт күтесің?
— Жақында «Жетісудың» негізгі құрамына алынып, «Таразбен» болған ойынға шыққан сыныптасым Данияр Нұржұмаевті атап өтсе болады. Ол екеуміздің бірге келе жатқанымызға көп болды, бір-бірімізге «қашан негізгі құрамға кіреді екенбіз?» деп жүретінбіз, міне досымның арманы орындалды. Одан бөлек Әділет Талғатовта негізгі құраммен бірге жаттығу өткізіп жүр. Ғалым Орынбасар, Аслан Әділ сынды талантты жас футболшыларды да қоса кетуге болады. Бұйыртса осылар келешекте бір клубтың негізгі ойыншылары болатынына сенемін.

Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЙ



www.dodasport.kz

Біздің ақпараттық серіктестеріміз

© 2011-2024 "Жетісу" кәсіпқой футбол клубы, Талдықорған
Сайт мәліметін пайдалануда сайтқа сілтеме жасау міндетті
© 2011-2024 Сайтты қолдау:
СИА «SPORTS.KZ»
Рейтинг@Mail.ru